Дүйсенбі, 16 қарашада футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алтыншы турында Словакиямен кездеседі. Ойын "Астана Арена" стадионында өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл кездесу Қазақстан құрамасы үшін Ұлттар лигасының биылғы маусымындағы топтық кезеңнің соңғы ойыны болмақ.
Джон ван ’т Схип жаттықтыратын Қазақстан құрамасы өз тобында көш бастап, В дивизионына жолдаманы алдын ала жеңіп алған Словакияны қабылдайды. Бұған дейін екі құрама Кошице қаласында кездесіп, словактар 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы өткен турда сырт алаңда Молдовадан 1:2 есебімен жеңілді. Ал Словакия өз алаңында Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түсіп, тосын жерден ұпай жоғалтты.
Осылайша Қазақстан құрамасы В дивизионына көтерілу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен ұлттық құрама С дивизионындағы орнын сақтап қалатыны белгілі болды.
Матчты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Кездесуді телеарнаның ресми сайтынан да көруге болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!