Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Олег Болякин Венгриядан күтпеген жеңіліс жайлы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде ең төмен рейтингке ие және алдыңғы екі ойында 12 шайба жіберіп алған Венгрия командасынан сенсациялық түрде жеңіліп қалды. Бапкер жеңіліс үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, құраманың әлсіз тұстарын атады:
"Қозғалыста жеңілдік, бейтарап шайбалар үшін күресте тағы да жеңілдік, жалпы барлық аймақтарда күрестен ұтылдық. Қазір талдау жасап жатырмыз, сөйлесіп жатырмыз. Неге бұлай болды? Себебін іздейміз. Біз мүлде күреспейміз, алаңның барлық бөлігінде дерлік. "Қарсыласқа өте көп мүмкіндік бердік, олар соны тиімді пайдаланды. Ең сорақысы – ойынға шоғырлану мүлде болмады. Үшінші кезең алдында оянып, жиналу керегін ескерттік. Өкінішке қарай, бірінші бестіктің ойыны сәтсіз басталды, үшінші кезеңде де сол жағдай қайталанды", – деді Болякин Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
– Осы маусымда да Венгриямен ойнадыңыздар, құрам бірдей дерлік болды, сіз бас бапкер болдыңыз. Бүгінгі мотивация тұрғысынан жаттықтырушылар штабының қателігі болды деуге келе ме?
"Хоккейде бір нақыл бар: жеңісті – команда, жеңілісті – бапкер арқалайды. Егер жеңілсек, демек, бұл – менің кінәм. Дұрыс мотивация болмады, ойыншыларға дұрыс жеткізе алмадық", – деп жауап берді ол.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы үш ойыннан кейін В тобының турнирлік кестесінде 3 ұпаймен 6-орында тұр. Плей-оффқа шығу үшін команда үздік төрттіктің қатарына енуі тиіс. Ал топтағы соңғы орын иесі элиталық дивизионмен қош айтысады. Бүгін, 14 мамырда Қазақстан құрамасы турнир иесі Даниямен ойнайды. Қазақстан құрамасының алдағы ойындарының кестесін және чемпионаттағы болжамды арнайы сілтеме арқылы көруге болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы Норвегияны (2:1) камбэкпен жеңіп, Германиядан (1:4) жеңілген болатын. Венгриямен үшінші матч – ЧМ-2025-тегі күтпеген сенсацияға айналды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет