Қазақстан хоккей құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы екінші матчте Жапонияны жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан құрамы
Ұлттық құраманың ойын буындарында бірқатар өзгеріс болды. Ал қақпада Андрей Шутовтың орнына Никита Бояркин шықты.
Қақпашы: Бояркин (Шутов).
- Старченко (К) – Шестаков – Мұратов; Михайлов – Данияр.
- Савицкий (А) – Омирбеков – Қайыржан; Бекетаев – Оразов.
- Симонов – Логвин – Ляпунов; Никитин – Бреус.
- Асетов (А) – Шайхмедденов – Гатиятов; Гайтамиров – Хорошев.
Матч барысы
Бірінші кезеңде Қазақстан құрамасы қақпаға көбірек гол салды - 16:9. Екі команда да бір-бір рет сан басымдығына ие болды. Алайда алғашқы 20 минутта есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңнің 2-минутында Қазақстан есеп ашты. Әлихан Өмірбеков Артур Гатиятовқа пас берді, ал ол шайбаны Дінмұхамед Қайыржанға ыңғайлап тастады. Шабуылшы қарсылас қақпасының алдында жалғыз қалып, қақпашыны қапы қалдырды да, шайбаны қақпа маңдайшасының астына дәл бағыттады.
7-минутта Талғат Жайлауов шәкірттері есепті еселеді. Артур Гатиятов өз аймағында шайбаны қағып алып, Аңсар Шайхмедденовпен бірге "екіге бір" қарсы шабуылға шықты. Қарсылас аймағында Гатиятов пас беріп, Шайхмедденов шайбаны бірден жапондар қақпасына бағыттады.
13-минутта Қазақстан құрамасы тағы бір шайба соқты. Артур Гатиятов бұл жолы да нәтижелі пас беріп, Дмитрий Бреус шайбаны қақпаның жоғарғы бұрышына дәл түсірді. Осылайша Гатиятов гол пастар бойынша хет-трик жасады.
Үшінші кезеңнің 13-минутында Қазақстан құрамасы сан басымдығына ие болды. Аркадий Шестаков Самат Даниярға пас берді. Ол көк сызықтан соққы жасады, ал Әлихан Әсетов шайбаның бағытын өзгертіп, есепті көбейтті.
Екі минуттан кейін қазақстандықтар тағы бір шайба соқты. Өз аймағындағы шайбаға таласта Шестаков Батырлан Мұратовқа пас берді. Ол қарсылас аймағына кіріп, шайбаны Роман Старченкоға қалдырды. Құрама капитаны мүмкіндікті мүлт жібермей, шайбаны қақпаға енгізді.
Арада 36 секунд өткен соң алтыншы шайба соғылды. Қарсылас аймағында Дінмұхамед Қайыржан Әлихан Өмірбековке пас берді, ал ол Кирилл Ляпуновқа бағыттады. Шабуылшы қақпа алдында ашылып, шайбаны бір соққымен торға тоғытты.
Осылайша матч Қазақстан құрамасының 6:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Келесі ойынды ұлттық құрама сейсенбі, 5 мамырда Польшаға қарсы өткізеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Литваны 4:1 есебімен жеңген еді. Ал Жапония Франциядан 3:4 есебімен ұтылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz