Қазақстан құрамасы Қытайдың Санья қаласында өткен 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарын аяқтады. Ұлттық құрама еншісінде сегіз медаль бар. Оның біреуі - алтын жүлде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Алтын медальді 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбеков жеңіп алды.

Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел намысын Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай қорғады.

Джиу-джитсу құрамасы алтыннан бөлек, тағы үш қола медаль еншіледі. Батыр Теңізбай (62 келіге дейін), Әлинұр Қуатұлы (69 келіге дейін) және Сейілхан Болатбек (77 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді.

Қазақстан су добынан ерлер арасында өткен бәсекеде қоржынға тағы бір қола жүлдені салды. Жүлдегерлер қатарында Темірлан Балфанбаев, Сұлтан Шонжігітов, Мұрат Шәкенов, Эдуард Цой, Руслан Ахметов, Александр Еремин және Алдияр Әкімбай бар.

Спорттық құзға өрмелеу шеберлері Азия ойындарын екі медальмен түйіндеді. Ришат Хайбуллин жеке сында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, Ришат пен Рашид Хайбуллиндер эстафетада да үшінші орынға жайғасты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова