Қазақстанның 19 жасқа дейінгі футбол командасы Еуропа чемпионаты-2027 іріктеу матчінде Сербия құрамасын жеңді. Осы жеңіс арқасында біздің футболшылар уақытша топтың бірінші орнын иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Матчтің 9-минутында Сербия құрамасы есеп ашты. Алайда 25-минутта жартылай қорғаушы Төре Исмағұлов дәл соққымен командасының шабуылын түйіндеп, есепті теңестірді. Екінші таймның 47-ші және 51-ші минуттарда "Қайраттың" вингері Исмаил Бекболат дубль жасады.
Қалған уақытта Қазақстан құрамасы алаңдағы жағдайды сенімді бақылап, қарсыластың ойынға қайта оралуына мүмкіндік бермеді.
Матчтің қорытынды есебі — 3:1, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы төрт ұпай жинап, топта аралық бірінші орынға шықты.
6-топтың турнирлік кестесі:
1. Қазақстан - 4 ұпай;
2. Сербия - 3 ұпай;
3. Португалия - 1 ұпай;
4. Грекия - 0 ұпай.
Фото: flashscorekz.com
Іріктеу кезеңінің келесі раундына 3 команда жолдама алады.
Бұған дейінгі матчте Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеуі аясында Португалия құрамасымен тең түскен болатын.
Ал бүгін, 6 маусымда, Қазақстан ұлттық құрамасы Ереван алаңында Арменияға қарсы жолдастық матч өткізеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz