Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу додасында Даниядан жеңілді

Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу додасында Даниядан жеңілді
Фото: Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінің жетінші ойынын сырт алаңда Дания құрамасымен өткізді. Матч 3:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.

Алғашқы таймда Дания құрамасы аса қатты басымдыққ ие болмады, алайда үзіліске дейін екі гол соқты. Ең алдымен Джонас Винд есеп ашса, әрі қарай Роберт Сков есепті еселей түсті. 

Екінші таймның басында тағы да Роберт Сков көзге түсіп, есепті ұлғайта түсті. Көп ұзамай Қазақстан құрамасы есеп айырмасын қысқартты. Гол авторы – Ян Вороговский. Әрі қарай біздің жігіттердің гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен ойын есебі өзгермеді – 3:1.

Н тобындағы жетінші турдың қорытындысы бойынша Қазақстанның қоржынында 12 ұпай бар. Қазақстан құрамасы келесі ойынын 17 қазан күні Хельсинкиде Финляндия құрамасымен өткізеді.

Дания – Қазақстан – 3:1 (2:0)

Голдар: Винд 36, Сков 45+1, 48 – Вороговский 58;

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан