Қазақстан құрамасы бокстан Әлем кубогында жеті медаль еншіледі

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогының кезеңінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова ирландиялық Даяна Мурхаузды 5:0 есебімен жеңді.

60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева канадалық Мари аль Ахмадимен кездесті. Нәтижесінде бұрымды боксшымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақта марокколық Доуа Закиді 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Сұлтан Айбарұлы 85 келіге дейінгі салмақта италиялық Паоло Карусомен кездесті. Нәтижесінде жерлесіміз қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. 

Диас Молжігітов 80 келіге дейінгі салмақта Оладжимеджи Шиттудан (Англия) 3:2 есебімен басым түсті.

Ал 50 келіге дейінгі салмақта Даниял Сәбит марокколық Иссам Бесярдан 5:0 есебімен жеңіліп қалды.

70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Фарух Тоқтасынов Әзірбайжан өкілі Наби Исгандаров қолғап түйістіріп, қарсыласына 3:2 есебімен жол берді.

Санжарәлі Бегалиев 75 келіге дейінгі салмақта Әзірбайжан өкілі Сейджамшид Джафаровпен кездесіп, қарсыласына 4:1 есебімен есе жіберді. 

Осылайша жеті боксшымыз медальді өздеріне қамтамасыз етті. Айта кетейік, Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) жарысты 1/2 финалдан бастайды. Ол Эмилия Котерскамен (Польша) кездеседі. Сондай-ақ Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) жеребенің нәтижесінде тікелей финалда өнер көрсетеді. Ол венгриялық Жофия Сирамен жұдырықтасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!