2026 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында топтық кезең аяқталғаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының келесі жылы кімдермен кездесетіні белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Турнирдің топтық кезеңіндегі 7 матчтың қорытындысы бойынша Ұлыбритания мен Италия құрамалары барлық ойында жеңіліп, элиталық дивизионнан шығып қалды.
2027 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында олардың орнына Қазақстан мен Украина құрамалары өнер көрсетеді. Бұл екі команда 2026 жылғы бірінші дивизионда өткен турнирде бірінші және екінші орын алған болатын.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы бірінші дивизиондағы топтық кезеңнің барлық матчында жеңіске жетіп, элитаға жолдама алды.
Турнирдің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы Литваға қарсы кездесуде екі кезең бойы 0:1 есебімен ұтылып жатқанымен, ойын барысын өзгертіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Екінші матчта қазақстандықтар Жапония құрамасын 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Үшінші кездесуде ұлттық құрама Польшаға қарсы ойында да 0:1 есебімен ұтылып жатып, таразы басын өз пайдасына аударып, жеңісті сериясын жалғастырды.
Төртінші және бесінші матчта Қазақстан құрамасы Украина мен Францияны 4:1 есебімен жеңді.
Алдағы чемпионатта Қазақстан құрамасы Австрия, Венгрия, Германия, Дания, Канада, Латвия, Норвегия, Словакия, Словения, АҚШ, Украина, Финляндия, Чехия, Швейцария және Швеция құрамаларымен бақ сынайды.
2027 жылғы әлем чемпионаты Германияның Дюссельдорф қаласында 14-30 мамыр аралығында өтеді.
Цюрихте өтіп жатқан биылғы элиталық турнирде медаль үшін Швейцария, Финляндия, Латвия, АҚШ, Канада, Норвегия, Чехия және Швеция құрамалары күреседі.
Әлем чемпионатының медальдары олимпиадалық жүйе бойынша сарапқа салынады: 28 мамырда ширек финал, 30 мамырда жартылай финал, ал 31 мамырда финал және үшінші орын үшін матч өтеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!