Қазақстан хоккейшілері Азия чемпионатында тағы да топ жарды

Қазақстан хоккейшілері Азия чемпионатында тағы да топ жарды
Фото: ҚХФ

Қазақстанның хоккей құрамасы ақтық кездесуде Оңтүстік Корея командасын жеңіп, Азия чемпионатында топ жарды. Осылайша отандық хоккейшілер құрлық біріншілігінде үшінші рет қатарынан жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кездесудің алғашқы екі кезеңінде есеп ашылған жоқ. Екі құрама да тартысты ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас қақпасына шамалас соққы жасады. Бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік Корея аз ғана басымдық танытты – 19:17.

Шешуші үшінші кезеңде екі команда да сақ ойнады. Хоккейшілер қарсылас қақпасына небәрі сегіз соққы бағыттады. Оның бесеуі Қазақстан құрамасына, үшеуі Оңтүстік Кореяға тиесілі болды. Негізгі уақытта есеп ашылмағандықтан, ойын овертаймға ұласты.

Қосымша уақытта Қазақстан құрамасы бірнеше минут бойы сан басымдығына ие болды. Алайда Кирилл Никитин айып уақытын алғаннан кейін екі команда да мұз айдынында үш ойыншыдан қалды. Соған қарамастан, овертаймда да жеңімпаз анықталмай, кездесу буллиттер сериясына жалғасты.

Жеңімпаз тоғызыншы соққыдан кейін ғана белгілі болды. Қазақстан құрамасынан Артур Гросс пен Евгений Рымарев мергендік танытты. Рымарев екі мәрте дәл соққы жасаса, Диас Гусейновтың шешуші буллиті ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады.

Матчтің қорытынды есебі – 1:0. Қазақстан құрамасы буллиттер сериясында басым түсті.

Осылайша Қазақстан үшінші жыл қатарынан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. 2024 жылы отандастарымыз Алматыда өткен турнирде топ жарса, былтыр Бейжіңде чемпиондық атағын қорғаған еді.

Еске салайық, биылғы Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуінде Қазақстан құрамасы Жапонияны жеңіп, табандылық танытқан болатын. Ал екінші ойында Талғат Жайлауов шәкірттері Қытай құрамасының қақпасына жауапсыз бес шайба соқты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget