Қазақстан футболынан легионерлер шектеуі алынып тасталды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы легионерлерге қатысты шектеу алынып тасталады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті (ҚФФ) Әділет Барменқұлов хабарлады

Алдағы маусымнан бастап қазақстандық клубтар алаңға 11 легионерді шығара алады. Бұған дейін шетелдік 7 ойыншыны ғана шығаруға рұқсаты болған. Қалған 4 футболшы қазақстандық болатын. 

Команда құрамындағы 25 ойыншының 13-і Қазақстан футболының түлегі болуы жайлы басты шарт сақталады. 

Соңғы он бес жылда легионерлердің үлесіне байланысты түрлі эксперименттер жүргізілді. Алайда бұл шешімдердің ауыз толтырып айтар нәтиже бермегенін өздеріңіз жақсы білесіз. Сондықтан біз соңғы екі жылда сараптама жүргізіп, келесі ережені қабылдауға бел будық, - дейді Әділет Барменқұлов. 

ҚФФ президенті сөзінше, бұл шарт ел футболындағы бәсекелестікті жоғарылатып, сапасы жоғарылайды, сондай-ақ "көлеңкелі жүйенің" жолы жабылып, стадиондар жөнделіп, жанкүйерлер санының артуына сеп болады. 

Белгілі спорт журналисі, комментатор Уалихан Қосанбай бұл жаңалық жайлы пікірін жазып, кері әсерін айта кетті. 

Біз жеңілдік. Қазақ футболы жеңілді. Қазақ футболында жұмыс істейтін агенттер жеңді. Олар тойлап жатыр. Енді біздің чемпионатша шексіз-шетсіз басқа елдің футболшылары келеді. Агенттер екінші-үшінші тіпті төртінші сорттағы футболшыларын тығады да, ақша істейді. Осыған дейін Ұлттық құраманың бас бапкері өйтіп-бүйтіп жүріп құрамаға 30 ойыншыны әрең жинайтын. Бұдан былай жағдай қиындай түседі. Себебі, біздің футболшылардың орнын шет елдің ойыншылары басады. Ал клуб басшылары әкім қойған тапсырманы орындау керек деп, қазақстандық футболшыларды ысырып, сол легионерлерді шығара береді, - деп жазды маман facebook парақшасына. 

Айта кетейік, өткен маусымдағы Қазақстан премьер-лигасында 397 футболшы ойнаған болса, оның 221-і шетелдік футболшылар екен. Жаңа шарт енуіне байланысты легионерлер саны артпаса кемімесі анық.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!