Қазақстан футбол федерациясы бас бапкер Талғат Байсуфиновке қатысты ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстан футбол федерациясы бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарауына байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Федерация мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

"ҚФФ Талғат Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді, маманның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ, команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлерді, әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көзіне сүйенуге шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Талғат Байсуфинов қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

Еске салайық, жуырда танымал шетелдік футбол клубының бұрынғы директоры Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы лауазымына тағайындалды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!