Қазақстан құрамасы VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қырғызстанда өтіп жатқан VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан екі алтын медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалда Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды.
70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары.
Аударыспақ - ат үстінде күш пен ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан аса адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз