- Негізгі бет
- Спорт
- "Қазақстан Барысы" атанған...
"Қазақстан Барысы" атанған дзюдошы IJF тарапынан ескерту ала ма?
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ғалымжан Қырықбай қазақ күресінен биылғы «Қазақстан Барысы» атанды. Осыған байланысты Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) спортшыға жаза қолдана ма?
Ережеге сәйкес, басқа жекпе-жек түрлерінен жарысқа қатысқан дзюдошылар ресми түрде IJF турнирлерінен шеттетіледі. Ғалымжан Қырықбайдың жарыс жолы қалай болмақ? Бас бапкер Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, бұл ереже Қырықбайға кері әсерін тигізбейді, – деп жазады Bassport.kz.
– Иә, Ғалымжан Қырықбай «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңіске жетті. Бірақ бұл оның дзюдодағы көрсеткіштеріне әсер етпейді. Өйткені бұл ереже қазақ күресінен халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларға қатысты. Егер Ғалымжан «Әлем Барысы» турнирінде бақ сынайтын болса, қиындық туындайды. Ал «Қазақстан Барысы» елішілік жарыс болғандықтан, оған әсер етпейді», - деді бас бапкер Нұрбол Сүлейменов.
Сондай-ақ бапкер жарақат алу қаупіне қарамастан, Ғалымжанның қазақ күресі турниріне қатысуға неге рұқсат еткенін айтты.
– Жарақаттан Құдай сақтасын. Қазір ешқандай жарыс жоқ. Еш жарыс болмағасын, Ғалымжан Қырықбайға рұқсат бердік», - деді Сүлейменов.
Айта кетелік, Ғалымжан Қырықбай дзюдодан Универсиада чемпионы, Grand Slam турнирлерінің қола жүлдегері.
О. Сансызбай