Қазақстан аяқ киімнің кесірінен Азия ойындарындағы алтыннан айырылды: мән-жайы

27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарында спорттық жүріс жарысында Қытай спортшыларын басып озып, мәреге бірінші болып жетті. Алайда оның нәтижесі ескерілмей қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Аяқ киім міндетті тексерістен өткен

Комитет мәліметінше, жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқ киімі міндетті тексерістен өткен. Тексеріс барысында техникалық делегаттар Қазақстан өкілі Ясмина Тоқсанбаева киген аяқ киім үлгісі World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтаған.

"Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқ киімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметпен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданды. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі шегерілді. World Athletics-тің спорттық аяқ киімге қойылатын талаптары халықаралық федерация кеңесінің 2026 жылғы 19 наурыздағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл жөнінде World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияға тиісті ақпарат жолданды. Бұл ережелер күшіне енген сәттен бастап жарысқа қатысушылардың барлығы үшін міндетті. Оларды сақтамау спортшы нәтижесі жойылуына әкеп соғуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.

World Athletics қандай қорытындыға келді?

World Athletics спортшы киген аяқ киім үлгісі жарыстарда киюге рұқсат етілген модельдер қатарына кірмейтінін ресми түрде растаған. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі.

Иран спортшысына қатысты да осындай жағдай тіркелді

Осы Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен Иран спортшысы Мохитзадеге қатысты болған. Тексеріс барысында оның аяқ киімі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталған. Ережеге сәйкес оның да нәтижесі жойылған. Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

ҰОК-тің ұстанымы

Мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстанның ҰОК спортшыға қолдау көрсету және апелляцияға беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиада кеңесі (АОК) және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!