Қазақстан ат спортынан халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды

Вежбнада (Польша) ат спортынан Wierzbna Bialy Las атты халықаралық турнир аяқталды. Қазақстан құрамасының өкілдері жарыста үш медаль иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Қазақстандық спортшылар жарыстың шешуші күнінде биіктігі 120 сантиметр болатын CSI3 конкурсында бірінші және екінші орын алды.

Раиса Соколенко Chevalier атымен жарыс жолын айып ұпайынсыз аяқтап, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынға Shenanigan атымен өнер көрсеткен Олег Соколенко жайғасты.

Үшінші орын польшалық Малгожата Кошуцкаға бұйырды.

Раиса Соколенко бұған дейін де бір жүлде жеңіп алған. Қазақстандық спортшы Chevalier атымен кедергі биіктігі 120 сантиметр болатын CSI1 бәсекесінде күміс медаль иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді бір алтын және екі күміс медальмен қорытындылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!