Қазақ таеквондошылары лицензиялық турнирге ерекше үлгідегі шапанмен аттанды

15-16 наурыз аралығында Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Азия іріктеу турнирі өтеді. Оған қатысатын Қазақстан құрамасы ұлттық стильдегі шапанмен жол тартты.

Таеквондодан Олимпиада бағдарламасына сегіз салмақ дәрежесі енген. Алайда әр команда тек төрт салмақта ғана спортшылар қоса алады. 

Қазақстан құрамасы сапында Мария Севостьянова (57 кило), Жансель Дениз (+67 кило), Самирхон Абабакиров (58 кило) пен Батырхан Төлеуғали (80 кило) бақ сынайды. 

Бір қызығы, отандық таеквондошылар іріктеу турнирі қарсаңында ұлттық стильдегі ерекше шапан мен худиді таңдаған, - деп жазады bassport.kz. Бұрын-соңды ұлттық құрамада мұндай жаңашылдық болмаған. Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Бесбаевтың айтуынша, мұндай қадамға бару арқылы спортшылардың намысын қайрау да көзделген. Егер ұйымдастырушылар рұқсат берсе, шапанды даянгке киіп шығуды да жоспарлауда екен. 

Айта кетсек, әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 19 жолдама бар. Спортшыларымыз садақ атудан — 4, тас жолдағы велоспорттан — 3, нысана көздеуден — 5, қазіргі бессайыстан — 2, бокстан — 2, грек-рим күресінен — 1, еркін күрестен — 1, спорттық гимнастикадан 1 жолдама жеңіп алған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!