Қазақ қызы шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанды

Шахматтан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ қызы Бибісара Асаубаева әлем чемпионы атанды. Осылайша блицтен екінші жыл қатарынан чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Жарыстың соңғы турына дейін Бибісара мен Қытайдан келген Тань Чжуньи көш бастап келген. Шешуші ойында отандасымыз қарсыласын ұтып шықса, қытайлық шахматшы қыз қарсыласына есе жіберді.

Әлем чемпионатының қола жүлдесін ресейлік Полина Шувалова еншіледі.

Бибісара Асаубаева былтыр Польшада өткен әлем чемпионатында блицтен әйелдер арасында чемпион атанып, осы атаққа қол жеткізген ең жас шахматшы ретінде рекорд жаңартқан еді. Биыл сол атағын қорғап, екі дүркін әлем чемпионы атанды. 

Блиц пен рапид – шахматтың жылдам ойнайтын түрлері. Әдетте бір партияға рапидте 15-60 минут, ал блицте 10 минутқа дейін уақыт беріледі. Ойыншылар жүрістерін таразылап отырмастан, жылдам шешім қабылдауы керек.