- Негізгі бет
- Спорт
- Қазақ қызы самбодан...
Қазақ қызы самбодан әлем чемпионы атанды
Армения елінің астанасы Ереванда өткен әлем чемпионатының соңғы күні Қазақстан құрамасы қоржынына алтын медаль түсті. Қазақ қызы Арайлым Әбенова 80 килодан жоғары салмақта топ жарды.
Арайлым Әбенова финалда Ресей спортшысы Жанара Кусанованы 6:0 есебімен айқын жеңді. Осылайша ол қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет аса ауыр салмақта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп отыр.
Үш күн бойы 65 мемлекеттің қатысуымен жалғасқан бәсекеде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 5 қоламен жалпы есепте 3-орынға тұрақтады.
1. Ресей — 13 алтын, 2 күміс, 3 қола
2. Өзбекстан — 2 алтын, 1 күміс, 3 қола
3. Қазақстан — 1 алтын, 2 күміс, 5 қола
1992 жылдан бері қатысып келе жатқан жерлестеріміз үшін бұл әлем чемпионатындағы 27-ші алтын жүлде.
Ел қоржынына жүлде салған спортшылар:
Алтын – Арайлым Әбенова (+80 кг);
Күміс – Еламан Қойшыбаев (80 кг) пен Маргарита Бажаева (50 кг);
Қола медаль – Арнұр Қуатай (71 кг), Әлібек Зекенов (98 кг), Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг), Шынар Абатова (72 кг), Талғат Жиентаев (+98 кг);
Айта кетейік, келесі 2024 жылы қараша айында самбодан әлем чемпионатын екінші мәрте Астана қаласы қабылдайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай