Қазақ күресін 2032 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына енгізу ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
"Қазақстан барысын" ұйымдастырушылар бүгін осындай мәлімдеме жасады. 41 балуан осы жексенбі "Барыс-Аренада" белдеседі. Биыл қатысушылар саны ұлғайды. Жаңадан ашылған үш облыстың өкілдері қатарға қосылып отыр. Тек, жарыс тәртібін бұзған батысқазақстандықтар шеттетілді. Жарыстың жүлде қоры - 40 миллион теңге. Кешенге кіру тегін. Тағы бір ерекшелігі көрермен арасында 5 қымбат телефон ойнатылады.
Сондай-ақ, спикерлер құқықтық орган тарапынан жүріп жатқан тексеріс туралы да түсініктеме берді.
"Қаржы мониторингі агенттігінің тексеруі туралы естідік. Аталған тексеріс 2011-2019 жылдар аралығында өткен "Қазақстан барысы" турниріне қатысты жүріп жатыр. Ол бойынша біз жауап бере алмаймыз, құзыретімізге жатпайды. Ал біз өз қызметімізді 2019 жылдан бастадық, қайта құрылдық. Осы күнге дейін үш үлкен турнир өткіздік", - дейді "Қазақстан барысы" қорының ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Еске салайық, 21 маусымда Қаржы мониторингі агенттігі "Қазақстан барысын" өткізуге 1,075 миллиард теңге қаншалық заңды бөлінгені тексеріліп жатқанын хабарлаған болатын.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында "Қазақстан барысы" қазақ күресінен турнир өткізуге бөлінген 1,075 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеріп жатыр.
Басшылардан, мердігер өкілдерінен жауап алу, тінту және құжаттарды алуды қамтитын тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!