Қазақ боксшыларының қос жеңісі: Тәшкенбай мен Бибосынов қарсыластарынан басым түсті

Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде қазақстандық боксшылар Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның филиппиндік Нил Хакамосқа қарсы кездесуі бокс кешінің басты жекпе-жегі болды. Қос боксшы он раундты толық өткізіп, кездесу қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Тәшкенбайға берді.

Жекпе-жек барысында Санжар қарсыласын екі рет – бесінші және сегізінші раундтарда нокдаунға түсірді.

Осы жеңістің арқасында Тәшкенбай бірінші аса жеңіл салмақта бос тұрған IBF Asia чемпионы белбеуін иеленді. Осылайша қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуінде-ақ чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Сәкен Бибосынов та Астанадағы бокс кешін жеңіспен аяқтады. Ол кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық боксшыға намибиялық Иммануэль Джозеф қарсы тұрды.

Екінші аса жеңіл салмақта өткен жекпе-жек жоспарланған сегіз раундқа толық созылды. Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен Сәкен Бибосынов жеңімпаз деп танылды.

Айта кетейік, Бибосынов әуесқой бокста әлем чемпионатында екі рет топ жарған (2021, 2025). Сондай-ақ ол 2020 жылғы Олимпиада ойындары мен 2021 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!