Қазақ боксшылары Венгриядағы халықаралық турнирді сәтті бастады

Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнир басталды. Жарыстың алғашқы күнінде төрт қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, оның үшеуі келесі айналымға өтті. 

60 кило салмақта Бейбарыс Жексен моңғолиялық қарсыласын, 63,5 килода Ертуған Зейнуллинов пен 71 килода Сабыржан Аққалықов Венгрия боксшыларынан басым түсті. 

Өкінішке қарай, 75 кило салмақта жұдырықтасқан Диас Молжігітов қарсыласына есе жіберді. 

Биыл 68-ші рет ұйымдастырылып жатқан жарысқа Қазақстан құрамасы сапында 14 боксшы аттанған болатын.

Айта кетейік, қазақ боксшылары 2-12 ақпан аралығында Румынияда өтетін "Странджа" халықаралық турнирінде де бақ сынайды.