Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Италияға аттанды. Аппеней түбегінде отандастарымыз Олимпиада ойындарына жолдама беретін лицензиялық турнирге қатысады.
Бусто-Арсицио қаласында өтетін жарыс алдында Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жиынға 80-ге жуық боксшы қатысты. Италияға аттанатын алты боксшыдан бөлек, ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары дайындықтарын шыңдады. Осыдан кейін құрама Италияға аттанды.
Париж Олимпиадасының жолдамасына таласатын боксшылар тізімі:
51 кило: Сәкен Бибосынов
57 кило: Махмұд Сабырхан
63,5 кило: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
71 кило: Асланбек Шымбергенов
80 кило: Нұрбек Оралбай
92 кило: Айбек Оралбай
Еске сала кетейік, бокстан Қазақстан ерлер командасының еншісінде әзірге бір жолдама бар. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Париж лицензиясын қоржынға салған болатын.
Италиядағы іріктеу турнирі 29 ақпан мен 12 наурыз аралығында өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!