Қазақ боксшылары Америкаға аттанды

Қазақ боксшылары Америкаға аттанды
Фото: depositphotos.com

Қазақ боксшылары АҚШ-та кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізеді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мерей Ақшалов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық құрамадағы нөмірі бірінші бокшылар бірер күн бұрын Америкаға аттанған еді. Оның ішінде Нұржан Насанов баптайтын жігіттер де, Елдос Сайдалин баптайтын қыздар да бар.

Ұлттық құрама өкілдері мұхиттың арғы жағында 36 күндік жаттығу жиынын өткізеді. Алғашқы күндері жалпы физикалық дайындықты пысықтаса, соңғы апталарда жергілікті кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізу жоспарланып отыр. Мұның барлығы алдағы байрақты бәсекелер үшін, әсіресе, бірер айдан кейін Жапонияда өтетін жылдың басты жарысы Азия ойындары үшін аса маңызды болмақ.

"Былтыр Әлем кубогы мен Әлем чемпионаты алдында боксшыларымызды осылай АҚШ-қа жіберген едік. Кейін олар жақсы нәтиже көрсетті. Биыл да осы тәжірибені жалғастырып жатырмыз. Ұлттық құрама өкілдері ол жақта жалпы физикалық дайындықты пысықтайды. Оған қоса, кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізеді. Алда Азия ойындары бар. 2028 жылғы Олимпиада АҚШ-та өтеді. Сондықтан қазірден бойларын үйретіп, бейімделе бергені маңызды", - деді Мерей Ақшалов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget