Қазақ балуандары Мажарстанда өткен турнирде 10 медаль жеңіп алды

Қазақ балуандары Мажарстанда өткен турнирде 10 медаль жеңіп алды
Фото: Instagram/drs_kz

Мажар елінің астанасы Будапеште өткен 4-ші халықаралық рейтингілік турнирде қазақ балуандары 10 медаль (2 алтын, 3 күміс, 5 қола) еншілеп қайтты.

10 жүлденің 7-ін еркін күрес шеберлері жеңіп алды. Нұрғожа Қайпанов (-74 кило) пен Өсімжан Дастанбек (-61 кило) финалда қарсыластарына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Әлішер Ерғали (-97 кило), Ризабек Айтмұхан (- 92 кило), Данияр Қайсанов (-79 кило), Санжар Досжанов (-70 кило) пен Асылжан Есенгелді (-79 кило) қола жүлдегер атанды.


instagram/drs_kz

Әйелдер арасында 72 килоға дейінгі салмақта Жәмила Бақбергенова топ жарды.

Грек-рим күресінен 55 килоға дейінгі салмақта қарсыластарының бәрінен айласын асырған Аманғали Бекболатов жеңімпаз тұғырына көтеріліп, алтын медальды иеленді. Сондай-ақ 63 килоға дейінгі салмақта Мұхамедәлі Мамырбек қола жүлде еншіледі.

Будапештегі жарыс балуандарды айрықша жаңалығымен де қуантты. Қыркүйек айында Сербияда өтетін әлем чемпионатында жеңімпаз бен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық табысталатыны хабарланды. Рейтингтік ұпайдан бөлек, алтын медаль иегері 1500 швейцар франкін (772 380 теңге), күміс жүлдегер 700 франк (360 444 теңге), қола медаль иесі 500 франкке (257 460 теңге) ие болады.

О. Сансызбай