Италиялық "Аталанта" А сериясының 10-турының қорытынды матчында өз алаңында "Пармадан" 0:3 есебімен ойсырай жеңілді, деп хабарлайды Massaget.kz.
"Парма" үзіліс алдында есеп ашты
Кездесу Италияның Бергамо қаласындағы "Джевисс – Атлети Адзурри д’Италия" стадионында өтті. Қонақтар 41-минутта алға шықты. Швейцариялық жартылай қорғаушы Венсан Сьерроның пасынан кейін Джованни Фаббьян алаң иелерінің қақпасын дәл көздеді.
Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай "Парма" басымдығын арттырды. 47-минутта бергамолықтардың қорғаушысы Давиде Дзаппакоста допты өз қақпасына бағыттап алды.
"Парма" есепті еселей түсті
58-минутта қонақтар үшінші голын соқты. Бұл жолы Фаббьян нәтижелі пас беріп, Симоне Лонтани шабуылды сәтті аяқтады. Қорытынды есеп – 3:0.
Осылайша, "Аталанта" өз алаңында ұпай жоғалтса, "Парма" сырт алаңда ірі есеппен жеңіске жетті.
"Аталанта" "Қайратпен" кездеседі
А сериясының он турынан кейін сегіз ұпай жинаған "Парма" турнир кестесінде 15-орында тұр. Ал 11 ұпайы бар "Аталанта" 13-сатыға жайғасқан.
Бергамо клубы келесі матчын Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда алматылық "Қайратқа" қарсы өткізеді. Кездесу 5 қарашада Бергамода өтеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай