Танымал бапкер Владимир Гулямхайдаров 80 жасқа қараған шағында өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚФФ-ға сілтеме жасап.
Ол - "Қайрат", "Екібастұз", "Тараз", "Мегаспорт", "Локомотив" және "Сұңқар" командаларының бұрынғы бапкері.
"Владимир Алишоевич футболшы ретінде мәскеулік "Торпедо" сапында танымал болған. Сондай-ақ, КСРО-ның жастар және ұлттық құрамаларында матчтар өткізген. Владимир Алишоевич бапкерлік мансабын өз отаны - Тәжікстанда бастаған. 1996 жылы Қазақстанға қоныс аударып, "Екібастұз" клубының тізгінін ұстады, кейін көп жыл бойы отандық ұжымдарда бас бапкер және бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды", - деп жазылған хабарламада.
Владимир Алишоевич 1999 және 2001 жылдары Қазақстан кубогының иегері атанса, 2004 жылы алматылық "Қайраттың" бапкерлер штабында жұмыс істеп, премьер-лигада чемпиондық атақты жеңіп алды.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!