"Қайрат" футбол клубының бас жаттықтырушысы Алексей Шпилевский қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Беларус маманы алдағы уақытта немістің "Эрцгебирге Ауэ" командасын жаттықтырады. Келісімшартты уақытынан ерте аяқтағаны үшін Шпилевский "Қайратқа" өтемақы төлейтін болады.
Алматылық клубта бас жаттықтырушы қызметін уақытша "Қайрат-Жастар" командасын баптап келген Кирилл Кекер атқарады.
Қайрат" ФК Алексей Николаевич Шпилевскийге атқарған жұмысы және клубпен бірге қол жеткізген жетістіктері үшін алғыс білдіреді! Жаттықтырушылық мансабына табыс және жаңа жеңістер тілейміз! – деп хабарлады клубтың ресми сайты.
Айта кетейік, Алексей Шпилевский "Қайрат" командасының тізгінін 2018 жылдың қараша айында ұстаған еді. 2020 жылы командамен ел чемпионатында жеңіске жетті. Қазіргі таңда алматылық клуб турнир кестесінде 3-орында келеді. Көш басындағы "Астанадан" 10 ұпайға қалып тұр.