Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жеребе тартылып, қазақстандық клубтардың қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Massaget.kz.
А лигасының 2-тобында екінші орын алған алматылық "Қайрат" ширек финал жолдамасы үшін Польшаның "Пяст" клубымен кездеседі. Алғашқы ойын 23 қарашада сырт алаңда, қарымта матч 4 желтоқсанда Алматыда өтеді.
"Қайрат" топтық кезеңде Бельгияның "Андерлехт", Латвияның "Бейтар" және Румынияның "Юнайтед Галац" командаларымен сынға түсті. Румыниялық клуб қаржылық қиындықтарға байланысты турнирден бас тартқан соң, топтағы қалған үш команда плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шықты.
Ал "Семей" 1/8 финалда Украинаның "Атлетик" клубымен ойнайды. Семейліктер алғашқы кездесуді 23 қарашада сырт алаңда өткізіп, 4 желтоқсанда өз алаңында қарымта матчқа шығады.
"Семей" А лигасының 1-тобында Испанияның "Барселона", Швейцарияның "Минерва" және Словакияның "Лученец" клубтарымен бірге өнер көрсетті. Серджи Альтисент шәкірттері алты ұпай жинап, топта екінші орын алды. Қазақстандық команда "Лученецті" 6:0, "Минерваны" 5:1 есебімен жеңіп, "Барселонадан" 1:6 есебімен ұтылды.
О. Сансызбай