УЕФА штаб-пәтерінде футзалдан Чемпиондар Лигасының 1/8 финалының жеребе тарту рәсімі өтті.
Ұйымдастырушы тарап 16 команданы екі себетке бөледі. Олардың қатарында "Добовец" (Словения), "Херсон" (Украина), "Хрудим", (Чехия), "Витис" (Литва), "Олмиссум" (Хорватия), "Береттьоуфалу" (Венгрия), "Юнайтед Галац" (Румыния), "Аньер-Вильнев" (Франция) командалары бар.
Жеребе "Ақтөбеге" Словенияның "Добовец" командасын қарсылас етті. Алматылық "Қайрат" бұл кезеңде Румынияның "Юнайтед Галац" командасымен ойнайды.
Турнир ережесіне сәйкес, 1/8 финалдың тағдыры бір ойында шешіледі. Қазақстандық қос команда да ойындарды өз алаңында қабылдайды.
Кездесулер 16 және 21 ақпан аралығына жоспарланған. Ойындардың нақты күні кейін белгілі болады. Ширек финал, жартылай финал және финал көктемде бір локацияда өтеді. Әзірге финалдық кезең 28 сәуір мен 3 мамыр аралығында Минск қаласында өтеді деп жоспарланған.