Футболдан Испания құрамасы Катардағы әлем чемпионатын ірі жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әл-Тумама" стадионында испаниялықтар Коста-Рика құрамасымен кездесті. Үзіліске дейін испан футболшылары үш гол соғып тастады. 11-минутта Дани Ольма көзге түсті. Тағы он минуттан соң Марко Асенсио қанжығасын майлады. 31-минутта Ферран Торрес пенальтиден гол соқты.
2010 жылғы әлем чемпионы екінші таймда да қарқынын бәсеңдетпеді. 54-минутта Торрес дубль авторы атанды. Ал 74-минутта Гави испаниялықтардың бесінші голын соқты.
Еуропалық құрама мұнымен де тоқтап қалмады, Карлос Солер еншісіне бір гол жазды. Ал матч нүктесін Альваро Мората қойды - 7:0.
Осылайша, Испания құрамасы ірі жеңіске қол жеткізіп, үш ұпаймен Е тобында көш бастады. Үш ұпайы бар Жапония азырақ гол соққаны үшін екінші орында тұр. Германия үшінші, Коста-Рика төртінші орында келеді.
Бұған дейін Е тобында жапондар сенсация жасап, Германияны жеңгенін жазған едік.
Енді Испания келесі матчін 27 қарашада Германияға қарсы өткізеді. Ал Коста-Рика сол күні Жапониямен күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!