Бүгін футболдан әлем чемпионатының Е және F тобындағы матчтер өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елорда уақытымен 21:00-де F тобының екі ойыны басталады. Плэй-офф жолдамасынан айырылған Канада Марокко құрамасымен кездеседі. Канада алғашқы екі ойында жеңіліп қалып, турнирді ерте аяқтайын деп тұр. Канадалықтар әлем чемпионаты тарихында әлі ұпай еншілеп көрмеген. Өткен турда ғана мундиальдегі алғашқы голын соққан еді. Енді Альфонсо Дэвис бастаған канадалықтар соңғы турда жеңіске жетіп, турнирді сәтті аяқтауға тырысатыны анық.
Бірақ бұл оңай болмайды. Себебі оның қарсыласы Марокко - топтан шығуға мүдделі. Африкалық ұжым өз тарихында 1986 жылы ғана плэй-офф кезеңіне шығып көрген. Биыл сол жетістігін қайталайтын мүмкіндік туып тұр. Қазір Марокконың еншісінде 4 ұпай бар, екінші орында келе жатыр. Плэй-оффқа шығуы үшін Канададан жеңілмесе болғаны.
Фото: Reuters
F тобының екінші ойыны да қызық болайын деп тұр. 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорватия мен қола медалін алған Бельгия күш сынасады. Хорватияда 4, Бельгияда үш ұпай бар. "Шақпақ түстілердің" жағдайы жақсырақ көрінеді. Қазір топта көш бастап тұр. Плэй-офф кезеңіне шығуы үшін тең ойын жеткілікті. Хорваттар 8 матч бойы жеңілмей келе жатыр, сол сериясын ұстап қалса, 1/8 финалда ойнайды.
Ал Бельгия өз ойынын көрсете алмай жүр. Кейінгі бес матчінің үшеуінде жеңіліп қалды. Өткен турда күтпеген жерден Мароккоға есе жіберді. Бірақ әлі мүмкіндігі сақтаулы - плэй-оффқа шығуы үшін бүгін хорваттарды жеңуі қажет. Бұл ойын тең есеппен аяқталған жағдайда да Бельгияны 1/8 финалдан көруіміз мүмкін, бірақ ол үшін Канада Марокко құрамасын кем дегенде үш гол айырмашылығымен жеңуі керек.
Фото: Reuters
21:00-де Е тобының тағдыры шешіледі. Мұнда төрт құрама да плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін жоғалтпады. Испания еншісінде 4, Жапония мен Коста-Рикада 3, Германияда бір ұпай бар.
Көш басындағы Испания Жапониямен кездеседі. Жапондар бірінші турда Германияны жеңіп, сенсация жасағаннан кейін өткен ойында Коста-Рикаға жол берді. Бұл ойында нақты кім жеңіске жетсе, сол плэй-офф кезеңіне шығады. Испандарға жеңілмеу жеткілікті, сондықтан бұл квартетте "Қызыл фурияның" жағдайы жақсырақ.
Ал екінші кездесуде Коста-Рика мен Германия күш сынасады. Немістер соңғы орында болады деп ешкім күтпеген шығар. Команда Катардағы додада әлі жеңіске жетіп көрген жоқ. 1/8 финалда ойнағысы келсе, Германияға жеңіс ауадай қажет. Одан бөлек, испандар Жапония құрамасын жеңгенін тілейді.
Фото: Reuters
Турнир басталмас бұрын топтағы анық аутсайдер саналып, Испаниядан 0:6 есебімен жеңілген Коста-Риканың да әлі мүмкіндігі бар. Ол үшін Германияны жеңіп, ерлік танытуы қажет. Коста-Рика топтан шығатын тағы бір нұсқа бар: ол үшін Коста-Рика мен Германия тең түсіп, испандар Жапонияны жеңуі керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!