Қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова Ташкентте өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының жартылай финалына жолдама алды. Ол ширек финалда 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері У Ши Имен жұдырықтасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Карина Ибрагимова Қытай Тайбэйінің өкілін айқын басымдықпен жеңді.
Үшінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан Каринаға жеңіс берді. Есеп - 5:0.
Жартылай финалға жолдама алған Карина Ибрагимова кемінде қола жүлдені еншіледі. Енді отандасымыз финалға шығу үшін жұдырықтасады.
Айта кетейік, У Ши И 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында қола жүлде иеленген болатын. Енді оның Әлем кубогындағы жолы аяқталды.
Еске салайық, бокстан Әлем кубогының кезеңі 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы турнирге өз көшбасшыларынсыз аттанды - құрамда бірде-бір қазіргі әлем чемпионы жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!