Каратэден Қазақстан құрамасының көшбасшысы Софья Берульцева Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Софья 68 келіден жоғары салмақта финалға дейін жетті. Отандасымыз финалда таиландтық Манееван Буцуванды жеңді. Осылайша ол жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.
Қазақстандық каратэші финалға дейін Дина Мостафаны (Сауд Арабиясы) жеңсе, жартылай финалда Непал өкілі Арика Гурунгтен басым түсті.
"Жарысқа келсек, ең қиыны топтық кезең болды. Жеребені көрген сәтте-ақ оңай болмайтынын түсіндім. Сауд Арабиясының спортшысы жастар арасында Азия чемпионы. Ал Непал өкілімен бұған дейінгі Азия ойындарының финалында кездескенбіз. Оған дейін Премьер-лига жарыстарында да жолымыз түйіскен. Бұл – деңгейі жоғары рейтингтік турнир. Мұнда бір жарыс барысында бес-алты жекпе-жек өткізуге тура келеді. Ол да менімен екі рет финалда кездескен.
Сондықтан қиын болатынын білдім. Бірақ маған бұл ұнады. Өйткені алғашқы жекпе-жектің өзінде қабілетімді толық көрсетуге мүмкіндік болды. Ал финалда өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Сол себепті шешуші кездесуде өнер көрсету де жеңілірек болды", – деді Софья Берульцева.
Бұл Софья Берульцеваның Азия ойындарындағы екінші алтын медалі. Каратэші бұған дейін Ханчжоу-2022 ойындарында да алтын медаль жеңіп алған.
Еске салайық, бұған дейін велошабандоз Рината Сұлтанова жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды. Кейін Алексей Луценко да ел қоржынына алтын салды. Ал каратэші Жоламан Биғабыл өз салмағында Азия ойындарының чемпионы атанды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz