Джиу-джитсудан тұңғыш әлем чемпионы Дархан Нортаев спорттан неге кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшы Sport+ Qazaqstan арнасына берген сұхбатында мансабындағы қиын сәттер туралы әңгімеледі.
"Көп қиын сәт болды. Ең қиыны Қытайдағы Азия ойындары болды. Біраз жарыста өзіме керек нәтижені ала алмай жүрдім. Психологиялық тұрғыдан дұрыс болмаса, физикалық тұрғыдан денең де 100 пайыз жұмыс істемейді. Соны да байқадым. Қытайдағы Азия ойындарында ұтып жүрген қарсыластарымнан ұтылып қалдым. Шаршамайтын жерде шаршап қалдым. Оның алдында тек жарысты ойлайтынмын. Сол кезде жарысты емес, басқа нәрселерді ойлап жүрдім. Бір демалыс керек болды. Өйткені психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да жарақат басталды. Оның алдында ешқашан демалыс алмайтынмын. Тек жұмыс істей беретінмін. Өзіме өте қатал болдым. Сол қаталдықтың арқасында тек бірінші орын деген ой болатын. Шыны керек, екінші, үшінші орынды менсінбейтінмін. Қытайда ұтып жүрген адамға ұтылған кезде және басқа да салаларда 100 пайыз дұрыс болмай жүрген кезде, отбасы болсын, кәсіп болсын, спорт болсын - бәрі бір кезеңде төменге түсіп кетті. Сол кезде біреуін тоқтатып, бір-бірден дұрыстауға тура келді. Басшыларға "маған демалысқа уақыт беріңдер" дедім. Бірақ келісімге келе алмадық. "Келесі жарысқа баруың керек, жарақатқа қарамай, қандай мәселе болса да, баруың керек" деді. Бірақ олай бара алмаймын. Өйткені нәтиже үшін барамын, жай ғана барып келе алмаймын. Осылайша спортты тоқтатуға тура келді. Мені құрамадан шығарып жіберді. Енді құрамаға қайтып келу тек менің қолымда. Бұйырса, бәрін ұтсам, құрамада боламын", - деді ол.
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің күйеу баласы Дархан Нортаевтың спортты тастағанына бір жарым жылдан асқан.
"Сол кез ең қиын кез болды. Қаражат та, құрама да - бәрі бір сәтте жоқ болды. Бір айдың ішінде. Ол да мені бірнәрсеге үйретті. Спорттан бөлек кәсібің болмаса, бір айда шығарып жіберсе, қиын болады. Ешнәрсесіз қаласың. Оларға ренжімеймін. Бәрі спортшының қолында. Қайтып келемін десе, қайтып келеді", - деді Дархан Нортаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова