- Негізгі бет
- Спорт
- Қара пантера: Аты...
Қара пантера: Аты аңызға айналған Лев Яшин
Бүгін — аңыз тұлға Лев Яшин дүниеден өткен күн. 1990 жылдың 20 наурызында Лев Иванович 62 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Өздерінің кумирімен қоштасуға халық көптеп келді. Солардың қатарында билік басындағы азаматтар мен түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым халыққа дейін болды. Еңкейген қариялардан бастап, жас жеткіншектерге дейін әйгілі қақпашыны соңғы сапарға шығарып салды. Даңқты Яшин Мәскеудегі Ваганьков зиратында жерленді.
1963 жылдың 15 желтоқсанында Лев Яшин әлемнің ең үздік футболшысы атанды. Әйгілі «Франс футбол» басылымы тағайындаған осы аса мәртебелі атақ оған дейін англиялық Стэнли Мэтьюз (1956), испаниялық Альфердо Ди Стефано (1957, 1959) мен Луис Суарес (1960), франциялық Раймон Копа (1958), италиялық Омар Сивори (1961) және чехословакиялық Йозеф Масопуст (1962) сынды санаулы ғана саңлақтарға бұйырған еді. Ал бұл жолы КСРО құрама командасы мен Мәскеудің «Динамо» клубының қақпашысы қарт құрлықтың теңдессіз футболшысы деп танылып, әр ойыншының арманындағы «Алтын допты» олжалады.
1963 жылы Еуропаның ең үздігі атанудан дәмелі футболшылардың қатары қалың еді. Үміткерлер санатында португалиялық Эйсейбио, германиялық Уве Зеелер, англиялық Бобби Чарльтон, италиялық Джованни Трапаттони мен Чезаре Мальдини, испаниялық Луис Суарес және тағы басқа теңбіл доптың теңдессіз шеберлері болды. Бірақ солардың барлығынан Лев Яшиннің өнері жоғары бағаланып, ол «Алтын допты» төбесіне көтерді. Англия, Аустрия, Бельгия, Болгария, Германия Федеративтік Республикасы, Грекия, Дания, Испания, Италия, КСРО, Люксембург, Нидерланд, Мажарстан, Польша, Түркия, Франция, Чехословакия, Швейцария, Швеция және Югославиядан жиналған 21 журналистің дені Кеңес Одағының қақпашысына дауыс берді. 73 ұпай жиған ол жеке-дара көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Апенин түбегінің түлегі Джанни Ривера мен Тұманды Альбион елінің өкілі Джимми Гривз олжалады. Алғашқысы – 55, екіншісі – 51 ұпай жиды. Ал сол 1963 жылы «Алтын допты» иеленген Кеңес Одағының шоқжұлдызы жайында біз не білеміз?
Лев Яшин 1929 жылдың 22 қазанында Мәскеуде дүниеге келді. Әкесі де, шешесі де қорғаныс зауытының қарапайым жұмысшылары еді. Бала кезінен аяқдоп өнерінің сиқырына арбалған ол аулада доп тебуден бір жалықпайтын. Бірақ болашақ жұлдыздың балалық шағы қызыққа толы болды деп айта алмаймыз. Лев анасынан алты жасында айырылды. Көп ұзамай қанды қырғын соғыс басталды. Ол да әкесімен бірге зауытта қара терге малшынды. Бұл еңбек ескерусіз қалған жоқ. Лев бозбала шағында «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жау әскері талқандалып, Кеңес Одағы жеңіске жеткеннен кейін Яшин өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік алды. 18 жасында ол «Динамоның» жастар құрамасына қабылданды. 1950 жылдың 2 шілдесінде алғаш рет КСРО біріншілігінің жоғары лигасында өнер көрсету бақытына ие болды. Мәскеудің «Спартагымен» ойында Лев ойда-жоқта жарақат алған атақты Алексей Хомичті алмастырды. Ол кезде «Динамо» 1:0 есебімен алда келе жатқан. Бірақ Лев жасыл алаңға шыққан бетте өрескел қателік жіберіп, қақпасына гол өткізіп алды. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Тбилисидің «Динамосымен» өткен бәсекеде Яшин тағы да өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Бұл бәсекеде мәскеуліктер 4:1 есебімен ұтып жатқан. Алайда ойынның екінші жартысында жас қақпашы білгенінен жаңылып, грузиялық футболшылардың таразы басын теңестіруіне жол берді. Міне, Яшиннің үлкен спорттағы алғашқы қадамдары осылайша сәтсіз басталған еді.
Бірақ ерен еңбек еш кеткен жоқ. 1953 жылы Яшиннің жұлдызды сәті туды. Сол маусымда ол «Динамоның» негізгі қақпашысына айналып, КСРО құрама командасы сапына қабылданды. Қысқа қайырсақ, өзінің спорттық ғұмырында біздің бүгінгі кейіпкеріміз мынадай табыстарға қол жеткізді: КСРО-ның 5 дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының 5 дүркін күміс жүлдегері, КСРО чемпионатының 1 мәрте қола жүлдегері, КСРО кубогының 3 мәрте иегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, 1956 жылғы Олимпия ойындарының жеңімпазы, 1960 жылғы Еуропа чемпионы, 1964 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері.
Сонымен қатар Лев Яшин 11 рет КСРО-ның ең үздік қақпашысы және Еуропаның ең үздік футболшысына тиесілі «Алтын доптың» иегері атанды. 16 мәрте КСРО-ның ең мықты ойыншыларының тізіміне енді. 1960 және 1964 жылдары өткен Еуропа чемпионаттарының қорытындысы бойынша шартты құраманың сапына енді. Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы оны ХХ ғасырдың ең керемет қақпашысы деп таныды. 1999 жылы Ұлыбританияның «World Soccer» журналы өткен ғасырдағы әлемнің ең үздік футболшыларын анықтап, ол тізімде Яшин 11-орынды иеленді. Сонымен қатар Лев Иванович әр жылдары Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, ФИФА мен Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) түрлі наградаларымен марапатталды.
20 жылдан аса «Динамоның» қақпасын қорғаған Яшин 358 кездесу өткізіп, 276 гол жіберіп алды. 1954-1967 жылдары КСРО құрамасы сапында 74 рет жасыл алаңға шығып, небәрі 70 рет қана өз қақпасын қауіптен құтқара алмады. 1966 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алған КСРО құрамасы өз тарихында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сол кезде алып империяда жасақталған команданың қақпасын Яшин қорғады. Өзінің спорттық карьерасында ол талай маңызды матчтарда өз командасын қауіпті жағдайдан құтқарып, шамамен 150 мәрте 11 метрлік айып добының бетін қайтарды.
Үнемі басынан қара телпегін тастамайтын мәскеулік жігіттің мықтылығын төрткүл дүние жұртшылығы түбегейлі мойындады. Керемет реакциясымен тез арада шұғыл шешім қабылдай алатын қасиеті мен батылдығына және жанкештілігі мен ерекше сезімталдығына сүйсінген жанкүйерлер оны «Қара пантера» деп атады. Сол заманда «Яшин» деген бір ауыз сөздің өзі КСРО футболының брендіне айналды. Жастар және ересектер, Олимпиадалық және ұлттық командадағы ойындарды қоса алғанда, Лев барлығы 812 рет алаңға шығып, 207 кездесуде өз қақпасына бірде-бір гол жібермеді. Әрине, оның бұл табысы таңдандырмай қоймайды.
Лев Яшин шайбалы хоккейді де жақсы ойнады. 1950-1953 жылдары хоккейшілер сайысында да бақ сынаған ол КСРО кубогының иегері және КСРО біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Алайда аңсары футболға ауған Лев кейіннен спорттың бұл түрінен түбегейлі қол үзді. Әйтпегенде оның сан мәрте Олимпиада және әлем чемпионы атанатынына қылаудай да күмән жоқ еді.
1971 жылы әйгілі қақпашының қоштасу матчы өтті. Сол кезде әр дәуірдің теңдессіз теңбіл доп шеберлері Мәскеуге жиналып, даңқты қақпашыға құрмет көрсетті. Әлем құрамасын Бобби Чарльтон мен Герд Мюллер сынды саңлақтар бастап шықты. КСРО-ның туы астына «бауырлас» 15 республиканың барлық дүлдүлдері жиналды. Осы матчты тамашалау үшін В.И.Ленин атындағы стадионға (қазіргі «Лужники») 103 000 көрермен келді. Ал көгілдір экранға көз тіккен жанкүйерлер саны сан миллионнан асып жығалды.
Лев Яшин 1990 жылдың 20 наурызында 60 жастан асқан шағында қайтыс болды. Соның алдында ғана әйгілі спортшыға КСРО-ның ең жоғары наградасы – «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген болатын. Ол Мәскеудегі Ваганьков зиратында жерленді. Ақыры, 2000 жылы ФИФА Яшинді ХХ ғасырдың ең үздік қақпашысы деп таныды. Міне, даңқты футболшының мәнді де, мағыналы өмірі осылай өтті.
Иә, 1963 жылы Яшинге «Алтын доптың» тегін берілмегені анық. Дәл сол маусымда ол керемет ойын өрнегімен және асқан шеберлігімен көзге түсті. КСРО чемпионаты барысында 27 рет жасыл алаңға шыққан Лев небәрі 6 допқа ғана тосқауыл қоя алмады. Және де сол кезде ағылшын футболының 100 жылдық мерейтойына орай Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында Англия мен әлем құрамалары күш сынасты. Сол дәуірдің теңдессіз теңбіл доп шеберлері қанша жанталасқанымен, Лев қорғаған қақпадан бірде-бір рет саңылау таба алмады. Бұл матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Алайда екі допты олар Лев Яшинді югославиялық Милутин Шошкич алмастырғаннан кейін ғана соқты.
Әлемдік футбол тарихында керемет қақпашылар аз болған жоқ. Кезінде Рикардо Замора, Франтишек Планчика, Антонио Феликс Карбахаль, Жилмар, Гордон Бэнкс, Зепп Майер, Дино Дзофф, Питер Шилтон, Жан-Мари Пфафф, Тони Шумахер, Ринат Дасаев жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Одан кейін Хосе Луис Чилаверт, Петер Шмейхель, Мишель Прюддом, Рене Игита, Хорхе Гойкоэчеа, Франческа Тольдо, Оливер Кан, Фабиан Бартез, Икер Касильяс, Петер Чех, Джанлуиджи Буффонның бақ жұлдыздары жанды. Бұл күндері Мануэль Нойер, Алисон, Тибо Куртуа, Давид де Хеа, Давид Оспина, Эдерсон және тағы басқа сайыпқырандар атой салып жүр. Барлығы да асқар таудай тұлғалар, барлығы да тұтас бір шежіре. Бірақ бір нәрсені естен шығармаған жөн. Жоғарыда есімдері аталған мықтылардың ешқайсысы өзінің атақ-даңқы жағынан біздің бүгінгі кейіпкерімізбен теңесе алмайды. Өйткені ең үздік футболшыға тиесілі «Алтын допты» иелеген жер бетінде бір ғана қақпашы бар. Ол – даңқты Лев Яшин.
egemen.kz
А. Оралқызы