- Негізгі бет
- Спорт
- Канвон-2024: қазақстандық жасөспірімдер...
Канвон-2024: қазақстандық жасөспірімдер жалпыкомандалық есепте 20-орынға ие болды
Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жабылу салтанаты өтті. Youth Olympic Park спорт кешенінде ұйымдастырылған іс-шарада еліміздің көк Туын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жасөспірімдердің ақ қар, көк мұз үстіндегі аламанында Қазақстан құрамасының 41 өкілі 5 спорт түрінің 9 бағдарламасы бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз 1 алтын, 2 қола медаль олжалап, жасөспірімдер Олимпиадасы тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 20-орынға ие болды.
Канвон төріндегі Олимпиадада шаңғымен тұғырдан секіруде бәсекеге түскен Илья Мизерных 214 ұпай жинап, Қазақстан құрамасының қоржынына Жасөпірімдер Олимпиадасы тарихындағы алғашқы алтынды сыйласа, шорт-трекші Полина Омельчук пен шайбалы хоккейден (3×3) ұлттық құрама ойыншылары қола жүлдегер атанды. Хоккейшілеріміз қола жүлде үшін өткен тартысты матчта Аустрия құрамасынан 6:5 есебімен басым түсті.
"Канвонда алауы тұтанған Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының жас атлеттері Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді жүлделермен қуантты. Ұлттық құраманың болашақ ізбасарлары Канвонда 1 алтын, 2 қола медаль олжалап, Жасөспірімдер Олимпиадасында бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже көрсетті. Осындай тамаша жетістікке қол жеткізген жас атлеттерімізді Олимпиаданы сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтаймын. Барлық спортшымыз алдағы уақытта өздеріне қажет болатын құнды тәжірибе жинап қайтты деп ойлаймын", - деді Ермек Маржықпаев.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары үш қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, 5 медаль жеңіп алған болатын. 2012 жылғы Инсбруктегі (Аустрия) Олимпиадада отандастарымыз 1 күміс, 2 қола олжаласа, Лиллехаммерде (Норвегия) екі қоламен шектелген еді. Осыдан 4 жыл бұрын Лозаннада (Швейцария) өткен ойындарда өкінішке қарай, құрама қоржыны бос қайтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан