“Канелодан“ Головкин үшін есе қайтаратын боксшының есімі аталды

“Канелодан“ Головкин үшін есе қайтаратын боксшының есімі аталды
Фото: ©Boxingscene.com

Бірінші жартылай орта салмақта чемпион атанған ұлыбританиялық боксшы Амир Хан (34-6, 21 KO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жәнібек – керемет боксшы. Оның күші көп. Оны құрметтеймін. Шынымды айтсам, бокста оның жолы жақсы болатынын сеземін. Себебі ол мықты, жинақы. Кейінгі айқасында ол қарсыласын оп-оңай нокаутқа түсірді", - деді Амир Хан Qazsport телеарнасының эфирінде.

Айта кетейік, 5 сәуірде Астанада Әлімханұлы франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсіріп, орта салмақтағы WBO және IBF белбеулерін қорғаған болатын.

Сондай-ақ, Амир Хан болашақта Әлімханұлы мексикалық жұлдыз Сауль "Канело" Альвареспен (62-2-2, 39 KO) жекпе-жек өткізетініне үміттенеді. Айта кетейік, ұлыбританиялық боксшы "Канелодан" 2016 жылы нокаутпен жеңілген.

"Мен үшін Канело – ең үздік боксшылардың бірі. Бір күні Жәнібек онымен кездесіп, GGG (Геннадий Головкин) үшін қарымта қайтарар. Жәнібек өсіп келеді, Альвареспен айқасу мүмкіндігіне жетіп қалар", – деді Хан.

Еске салайық, Альварес пен Головкин үш рет жекпе-жек өткізген. Барлығы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында болды: алғашқысы 2017 жылы қыркүйекте даулы тең нәтижемен аяқталса, екіншісінде мексикалық төрешілер шешімімен жеңіске жетті. 2022 жылы қыркүйекте Альварес тағы да жеңді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget