Бұл күндері Тампере (Финляндия) мен Ригада (Латвия) шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтуде. Төрткүл дүние көз тіккен додаға қазақ хоккейшілері де қатысуда. «В» тобында отандастарымыз кіл мықты құрамалармен қатар ойнауда.
Бұл әлем чемпионаты өзге әлем чемпионаттарынан өзгерек. Себебі Қазақстан ұлттық құрамасы бұл жарысқа легионерлерсіз аттанды. Алғашқы ойында Норвегия құрамасын буллит сериясында ұтып, жақсы-ақ бастады. Алайда кейінгі екі ойында Чехия (5:1) мен Швейцария (5:0) құрамаларына жол берді. Ал түнде өткен топтағы төртінші ойында Канада құрамасына есе жіберді.
Үйеңкі жапырақты ел – хоккейдің ұлы державасы. Оларға қарсы ойнау оңай болмасы да анық еді. Дегенмен Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері барын салып, мұзайдында мықтылармен текетіресе білді. Ойында Канада 5:1 есебімен жеңіске жетті. Ал Қазақстан құрамасы сапында қазақ баласы Әділ Бекетаев шайба соқты. Ол шайба соғып қана қоймай, ұлттық құрама сапындағы үздік ойыншы марапатына да ие болды.
Әділ Петропавл қаласының тумасы. 1998 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан карате, гимнастика, футболға қатысқан. 12-13 жасына дейін футбол мен хоккейді қатар алып жүрген. Одан кейін барып қана хоккейді біржола таңдаған. Қазіргі таңда «Барыс» командасы мен ұлттық құраманың қорғаушысы.
Бекетаев Канадаға қарсы ойында 14:30 минут мұзайдында болды. Үш рет қарсылас қақпасына соққы жасап, оның біреуі нәтижелі аяқталды. 25 жастағы ойыншы шайбаны қалай соққанын өзі де аңғармай қалған.
Шайба соққан сәтті өзім де барлап үлгермедім. Қиыс бұрыш болғандықтан, шайба соғу қиындау болатын. Командаластарым қуанғанда барып қана түсіндім. Мұндай құрамаға шайба соғу керемет әсер сыйлайды, - деді Әсет sports.kz басылымына берген шағын сұхбатында.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 19 мамыр күні Словакияға қарсы өткізеді.