- Негізгі бет
- Спорт
- Жүкембаев жеңіліп қалды...
Жүкембаев жеңіліп қалды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев АҚШ-ғы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. Отандасымыз пуэрто-рикалық боксшы Сабриэль Матиасқа есе жіберді.
Бокс кеші Лос-Анджелесте өтті. Батыр осыған дейін барлық жекпе-жегін Канадада өткізіп келген еді.
Батыр Жүкембаев пен Сабриэль Матиас арасындағы жартылай орта салмақтағы жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған еді. Төртінші раундта қазақстандық боксшы нокдаун алды. Ал сегізінші раундтан кейін қазақстандық боксшының жаттықтырушылары шаршы алаңдағы шайқасты тоқтату жайлы шешім қабылдады.
30 жастағы отандасымыз алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін өткізген 18 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен болатын. Оның 14-ін уақытынан бұрын аяқтаған.
Сабриэль Матиас осал боксшы емес. Нағыз – панчер. Кәсіпқой бокстағы 17 жекпе-жегінің 16-н уақытынан бұрын аяқтаған. 2019 жылы Максим Дадашевпен жұдырықтасып, жекпе-жек соңы трагедиялық оқиғамен аяқталған еді. Ресейлік боксшы шайқаста алған жарақатынан кейін ес жия алмай, көз жұмған болатын.
Н. Үсенова