- Негізгі бет
- Спорт
- Жүгіру, әдемі бағыт,...
Жүгіру, әдемі бағыт, 8000 қатысушы: 21 сәуірде Almaty Half Marathon өтеді
2024 жылдың 21 сәуірінде Almaty Half Marathon жетінші рет өткізілетін болады. Бұл жарыс әртүрлі елдерден қатысушыларды тартатын, Алматы үшін жыл сайын өтетін дәстүрлі оқиға. Биылғы жылы өтетін жартылай марафонда әлемнің 30 елінен жиналған 8000 адам, өз күштерін сынауға мүмкіндік алады.
2024 жылы сөреде 4 қашықтық ұсынылады: 21,1 км (жартылай марафон), 10 км, 10 км (скандинавиялық жүріс) және Экиден командалық эстафетасы. Жартылай марафонға 18 жастан асқан барлық адамдар қатыса алады. Жарыстың қалған қашықтықтарына 15 жастан асқан қатысушылар қатысатын болады. Айта кетсек, іс-шара AIMS халықаралық сөре және жүгіру қауымдастығына енгізілген және жартылай марафон тректері World Athletics үлгісіне сәйкес сертификатталған.
Жартылай марафонның қатысушылары таулардың әсем көрінісінен ләззат алып, көрікіне көз тоймас тарихи орындарын аралай отырып жүгіретін болады. Almaty Half Marathon дәстүрі бойынша сөре мен мәре әртүрлі жерлерде орналасады. Спортшылар Әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент саябағынан жарысты бастап, ал Орталық стадионда жарысын аяқтайтын болады (Сәтпаев көшесі 29/3).
Almaty Half Marathon жарысының ұйымдастырушысы 2012 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азиядағы ең ірі Almaty Marathon жүгіру іс-шарасын және басқа да бірқатар әуесқой сөрелерді өткізетін «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры болып табылады.
«Almaty Half Marathon Қазақстандағы Almaty Marathon-нан кейінгі екінші ауқымды жүгіру оқиғасы болып табылады. «Бірінші болу – батылдық» Қорының міндеті спорттық іс-шараларды ұйымдастырудан әлдеқайда жоғары. Қор қазірдің өзінде жоғары деңгейдегі жарыс ұйымдастыру үлгісімен танылған танымал брендке айналды. Биыл Almaty Marathon жаңа айдентиканы таныстырып, стратегияны 5 жылға жаңартты. Жаңа логотип бірнеше сызықтардан тұрады, олардың әрқайсысы әртүрлі жылдамдықты, қашықтықты және жүгіру ырғағын білдіреді. Бұл әртүрлі жастағы, жыныстағы және мүмкіндіктеріне қарамастан адамдарды біріктіретін қор іс–шараларының жан-жақтылығы мен инклюзивтілігін көрсетеді», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Биыл Almaty Half Marathon аясында Virtus World Half Marathon & 10K Road Race Championships – зияткерлік даму кемістігі бар спортшылар арасында жүгіру бойынша әлем чемпионаты өтеді. Чемпионатқа 8 елдің спортшылары қатысады: Қазақстан, Швеция, Испания, Қытай, Польша, Жапония, Болгария және Португалия.
«Биыл біз зияткерлік даму кемістігі бар спортшылар арасында жүгіру бойынша әлем чемпионатын мақтанышпен қабылдаймыз. Қазақстан осы беделді жарыс өткізілетін Орталық Азиядағы бірінші ел болады. Біз өз қызметіміздің басынан бастап инклюзивтілікті дамытуға баса назар аударамыз. Біз спорт әр адамның жасына, дайындық деңгейіне және физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан өмірінің ажырамас бөлігі екеніне сенімдіміз. Сондықтан біз өз алдымызға жүгіруді кез-келген адамға қолжетімді етуді қойып отырмыз», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Almaty Half Marathon-да өз қашықтығын жүгірген барлық қатысушылар мәре сызығында медаль алады.
Әрбір қашықтықтың жас санатындағы жүлдегерлер, сондай-ақ абсолютті санаттағы жеңімпаздар серіктестер мен демеушілердің бағалы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталады.
Қатысу үшін almaty-marathon.kz сайтында тіркелу және қатысу ақысын төлеу қажет.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 29 қыркүйегінде өтетін Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы Almaty Marathon-ға тіркелу жалғасуда. Марафонға тіркелу almaty-marathon.kz сайтында қолжетімді.
О. Сансызбай