Жолдастық матч кезінде футболшы оққа ұшты

Бразилияның Масейо қаласында өткен жолдастық матч кезінде 15 жастағы футболшы Микаэл Леандро да Силва оққа ұшты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Globo Esporte мәліметінше, жас футболшы бұған дейін "Сан-Паулу" академиясында тәлім алып, кейін "Сентро Спортиво Алагоано" клубында жаттыққан.

Азаматтық полицияның дерегіне сүйенсек, жасөспірім шабуылдаушылардың негізгі нысанасы емес және кездейсоқ оқтың құрбаны болған. Есірткімен айналысатын жергілікті топтардың мүшелері матч өтіп жатқан кезде өзара атысып кеткен. Оқиға салдарынан тағы бірнеше адам жарақат алған.

Футболшы шұғыл түрде штаттың бас ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

"Сентро Спортиво Алагоано" клубының басшылығы қаза тапқан ойыншының отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Қазір бұл істі Адам өлтіру қылмыстарын тергеу және жеке тұлғаны қорғау жөніндегі арнайы бөлім тергеп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз