Армения астанасы Еревандағы ауыр атлетикадан Еуропа чемпионатының ашылу салтанатында ресми түрде аккредиттелген тұлғалардың бірі жиналғандардың қошеметімен Әзербайжанның туын жағып жіберді. Ол бірден ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенімен, кейін айып тағылмаған.
Осыған байланысты Әзербайжан Ереваннан өз спортшыларын қайтаруға шешім қабылдады.
"Зұлымдық Армения премьер-министрі қатысқан салтанатты шарада жасалып, армян қауымы өкілдері қол соқты. Арандатушылықты жасаған адамды қаһарман етіп көрсету – ұлтаралық араздық пен ксенофобияның, азербайжандық фобияның айқын мысалы. Мұндай мінез-құлық ұлттар арасындағы татулық пен келісімге қызмет ететін спорттың мақсаты мен қағидаттарына мүлдем қайшы келеді. Спортты саясаттандыруға мүлдем жол берілмейді", - делінген Әзербайжан Жастар және спорт министрлігі мен Әзербайжан Ұлттық Олимпиада комитетінің бірлескен мәлімдемесінде.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі де бұл оқиғаны айыптап, Армения билігі шараның ұйымдастырушысы ретінде оқиғалардың өршуіне дер кезінде тосқауыл қойып, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы керегін баса айтты.
"Бұл әрекетті жасаған адам алғашында қамауға алынғанымен, оның дүркіреген ду қол шапалақтаумен босатылуы қатты алаңдатады. Армян тарапы ұлтаралық араздық негізінде қылмыс жасаған адамды жауапқа тартуы керек", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Әзірбайжан Еуропа ауыр атлетика федерациясын Арменияға қарсы санкциялар қолдануға шақырды.