Қарағандыда бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде оқиға болған мекемедегі бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлар пайда болды.
Видеода Серік Сәпиевке ұқсайтын костюм киген адам кабинетке папкамен кіргені көрінеді. Біраз уақыттан кейін костюмсіз жүгіріп шыққаны, есікті қайта ашпақ болғаны байқалады.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті де жағдайға пікір білдірді.
"Қазір бұл мәселе бойынша ақпарат жоқ, өйткені қылмыстық іс қозғалған. Барлық іс жүргізу шарасы аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданады", - деді департамент өкілі.
Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!