Жібек Құламбаева Қытайдағы турнирдің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Баотоу қаласында өткен ITF W50 сериясындағы турнирдің жұптық сынында бас жүлдені иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Турнирдің шешуші матчінде Құламбаева ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге Дилетта Черубини (Италия) және Ченги Юань (Қытай) жұбын қапы қалдырды. Кездесу барысында қазақстандық-ресейлік тандем кортта толық үстемдік орнатып, қарсыластарын 6:1, 6:1 есебімен тас-талқан етті.

Бұл жеңіс Жібек Құламбаеваның қазір бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Билли Джин Кинг кубогында ұлттық құрама намысын қорғағаннан кейін, теннисші қарқынын үдете түсіп, оң нәтиже көрсетіп келеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз