Боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO ұйымының жаңа әлем чемпионы атанған Ұлыбритания боксшысы Дензел Бентлиге үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
"Бентлиді чемпиондық атағымен құттықтағым келеді. Бұл сәттің ләззатын көр. Командаң мен отбасыңды да құттықтаймын. Енді сен чемпионсың", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы X желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін қазақстандық спортшы орта салмақта WBO белбеуінен бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін ұйымның уақытша чемпионы болған Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне ие болды.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлының кәсіби рингтегі рекорды - 17 жеңіс, бірде-бір жеңіліс жоқ. Оның он екісін нокаутпен аяқтаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова