Жәнібек Әлімханұлы қашан және қайда жұдырықтасатыны белгілі болды

Даниялық Primetime Boxing промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Дания өкілі Якоб Банк арасындағы екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі үшін өтетін жекпе-жектің уақыты мен орнын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін The Ring басылымы жекпе-жек 2026 жылғы желтоқсанда Копенгагенде өтетінін хабарлаған болатын, алайда Банктің промоутерлік компаниясының мәліметінше, жекпе-жек 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның басқа қаласы – Хорсенсте өтеді.

Билеттерді сату 28 қазанда басталады, ал бокс кешінің ұйымдастырушылары жақын арада андеркард қатысушыларының тізімін жариялауды жоспарлап отыр.

Әлімханұлының жаңа салмақтағы титул үшін алғашқы жекпе-жегі

Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы алғаш рет жаңа санатта бақ сынайды. Бұл бәсекеде WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

Еске салайық, Әлімханұлы кейінгі рет рингке 2025 жылғы сәуірде шыққан болатын. Сол кезде ол Астанада өткен турнирде француз Анауэль Нгамессингені нокаутқа түсірген еді.

Осыдан кейін Жәнібек орта салмақтағы үшінші титул үшін Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек еді, бірақ допинг жанжалына байланысты жекпе-жек өтпей қалды. Нәтижесінде қазақстандық дисквалификация мерзімін өтеп, анағұрлым ауыр салмақ дәрежесіне ауысты.

Супер орта салмақтағы WBO чемпионы белбеуінің алдыңғы иегері Хамза Шираз Әлімханұлы міндетті үміткер болып тағайындалғаннан кейін титулдан бас тартты.

Якоб Банк туралы не белгілі?

25 жастағы даттық Якоб Банк Жәнібек Әлімханұлынан жеті жас кіші, бірақ кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның 11-і мерзімінен бұрын жеңіспен аяқталды.

Даттық боксшының мансабындағы ең айтулы жекпе-жек 2026 жылдың басында өтті. Сол кезде Банк 12-раундта тәжірибелі кубалық Уильям Скуллды нокаутқа түсіріп, одан WBO Global белбеуін тартып алған болатын. Банкпен кездескенге дейін сол кубалық боксшы Канелоға қарсы барлық 12 раунд бойы шыдас берген еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!