Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери мәлімдеді. Густаво Оливьеридің айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы енді екінші орта салмаққа ауысады. Ал оның чемпиондық белбеуі уақытша чемпион атанған ұлыбританиялық Дензел Бентлиге (22-3-1, 18 KO) беріледі.
"Жәнібек Әлімханұлы маған жоғары салмаққа өтетінін хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Ал Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне ие болды", - деді Густаво Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында.
Жақын арада WBO Дензел Бентлидің міндетті қарсыласын анықтайды. Ең ықтимал үміткер - кубалық Йонли Эрнандес (10-0, 9 KO).
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова