Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Словакияның Братислава қаласында өтетін Nepela Memorial халықаралық турниріне қатысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Жарыс 24-27 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл дода - 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series кезеңдерінің бірі.
Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жеке сында өнер көрсетеді. Алдын ала жарияланған қатысушылар тізіміне 29 спортшы енген.
Айта кетейік, Братиславадағы жарыс Михаил Шайдоров үшін жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық бәсеке болмақ.
Еске салайық, қазақстандық спортшы бұған дейін, 2026 жылы, Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында топ жарған еді. Ақпанда ол ерлер арасындағы жеке сында қос бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, Олимпиада чемпионы атанды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова