Қазақстандық боксшы, екі дүркін Олимпиада жүлдегері Иван Дычко (10-0, 10 КО) елорда төрінде өткен кездесуде жарқын жеңіске жетті.
Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен спортшы беларусь боксшысы Александр Устиновпен (36-5-1, 27 КО) жұдырықтасты. Он раундқа жоспарлаған кездесу бірінші раундта-ақ аяқталды. Қарсылас боксшының жаттықтырушысы рингке ақ орамал тастап, кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Бұл – Иван Дычконың 11-жеңісі.
"Жеңісімді еліміздің тәуелсіздігіне және ертең 7 жасқа толатын қызыма арнаймын", - деді Дычко сөз соңында.
Айта кеткен жөн, Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай Елордада Jekpe-Jek сарайында кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылуда.
Кештің басты кездесуі – қазақстандық Данияр Елеусінов пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао арасындағы бокс. Спортшылар IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағын алу үшін бокстасады.