- Негізгі бет
- Спорт
- "Интер" қақпашысы командадағы...
"Интер" қақпашысы командадағы екінші ойынына 19 жылдан кейін шықты
Миланның "Интер" клубы үшін биылғы маусым сәтті өтті деуге негіз бар. А Сериясында чемпион атана алмаса да, Италия кубогын ұтып алды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының финалына шықты. Бұл жетістікке жетуге әр ойыншы өз еңбегін сіңірді. Солардың қатарында қақпашыларды ерекше атап өтуге болады.
Негізгі қақпашы Андре Онана нағыз талантымен талай ойында жанкүйерлерді таңғалдырды. Команданың Чемпиондар лигасында жоғары нәтиже көрсетуіне зор септігін тигізді. Екінші қақпашы Самир Ханданович кубок жолындағы ойындарда осалдық танытқан жоқ. Ал үшінші қақпашы Алекс Кордацты көп жанкүйер біле бермейді. Ол Италия чемпионатының соңғы турында ғана алаңға шықты. Онда 19 жылдан кейін барып қана...
Иә, иә Алекс Кордац 2004 жылы "Интер" сапында бірінші ойынын өткізген. Одан кейін енді ғана екінші ойынына шыққан. Мұның тарихы тереңде жатыр.
Соңғы турдағы "Ториноға" қарсы ойынның 65-минутта Симеоне Индзаги қақпашы алмастыруды ұйғарды. Алаңға 40 жастағы Алекс Кордац шықты. Ойында қақпашы тамаша бір сейв жасап, командасын құтқарып та қалды. Бұл жергілікті жанкүйерлер мен спортсүйер қауымды бір желпіндіріп те қойды.
Алекс Кордац 19 жыл қайда болды? Иә, ол "Интерден" алыстап кетпеді. Өзі осы клубтың түлегі болғандықтан, миландық команда құрамында ойнауды бала кезінен армандады. 2002 жылы команданың жастарымен Примаверада жеңіске жетіп, араға бір маусым сала ересектер қатарының қосалқы құрамына ілікті. Ал алғашқы ойынын Италия кубогындағы "Ювентусқа" қарсы кездесуден бастады. Негізгі қақпашы Тольдо қызыл қағаз алғаннан кейін алаңға шықты. Марко Ди Вайоның тепкен добын қайтара алған жоқ. Бұл оның алғашқы ойыны болды. Одан кейін жаттықтырушылар Алекске мүмкіндік берген жоқ. Бұл оның жалғыз көзге түсер сәті ғана болды.
Кордацты команда басшылығы "Специяға" жалға берді. Одан кейін ол өзге клубтарға ауысып кете барды. Италияның С, В серияларында, Швейцария мен Словения чемпионаттарында ойнады. Соңында "Кротоне" командасымен екі рет Италияның А сериясына шығып түсті. 38 жасында "Интерден" қайта шақырту алып, сүйікті командасына оралды. Онда да үшінші қақпашы болып...
Мені қайта шақырғанда шынымен қуандым. Мен бір балалық шағыма оралғандай болдым. Қазір өскен жер, доп тепкен алаңды күнде көремін. Бұл қуаныш, зор мақтаныш.
Клубқа қайта оралғаныма қуаныштымын. Командаға, жаттықтырушылар мен жас ойыншыларға пайдам тисе деймін. Бір мақсат жолында еңбектеніп келеміз, - дейді қақпашы.
Өткен маусымда Алекс Кордац алаңға шықпады. Симеоне Индзаги егде жастағы ойыншыға сенім артпаса керек. Маусым соңында В сериясындағы бірнеше клубтан қақпашыға ұсыныс та түскен. Ол сүйікті командасы үшін бәрінен бас тартқан.
Менің командадағы орным қандай? Қоймадағы жұмысшы болар. Жоқ, қалжыңдаймын. Мен қосалқы құрамдағы жас ойыншыларға ерік-жігер сыйлауға тырысамын, - дейді Кордац.
Осылайша, Алекс Кордац "Интер" сапындағы алғашқы ойынынан 19 жыл, 3 ай, 29 күн өткенде барып қана екінші ойынына шықты. Бұл да қақпашының футболдағы бір тағдыр жолы.
О. Сансызбай